Асыл құндылықтар

Қатпарлы қалың тарихымызда аты қалған өнер саңлақтарының мұраларын зерттеп, зерделеу біздің еншіміздегі дүние.

среда, 2 июня 2010 г.

Ақтан Керейұлы

Батыс өңір – талай тарландардың нәр алып, хас тұлпарлардың тұяғы қалған жер. Қастерлі батыс топырағында кіндік қаны тамған Ақтан Керейұлы қысқа ғана ғұмыр жолында тағдырдың теперішін көп көріп өткен. 1850 жылы қазіргі Ақтөбе облысы, Сағыз бойында дүние есігін ашқан ақын 62 жасында осы аймақ төңірегінде өмірден озады. «Ақшұнақ» қоян жылы жұтқа ұшырап, азын-аулақ малынан айырылған ол Ойылға келіп бір татар көпеске тері илеуге жалданады. Кедейлік тақсіретін тартып, мал бағу сынды кәсіптермен шұғылданып жүріп өмірін өткізеді. Ақтан жайлы дерек қоры өте аз екенін айттық. Десек те, үлкен-үлкен зерттеу еңбектерде Ақтан аты қылаң беріп қалатын тұстар да жоқ емес. Мәселен, Қ.Сыдиқов былай деп жазады: «Ақтанды көзі көрген, туысы Әмірше Мұттахиев: « Ақтан аласа бойлы, сары өңді кісі еді. Екі үйіміз араласып тұратынбыз. Домбыраны қолына жәй ғана ұстап, өлеңді қолма-қол құйылта беретін. Қанша айтса да мүдірген, не шаршаған кезін көргенім жоқ», — дейді».[2] «Адайдың бес жүйрігінің» бірі ( Олар: Абыл, Нұрым, Қашаған, Аралбай және Ақтан) атанған ақынның шыққан тегі асыл тұқымнан.




Ақтанның ата-тегі:
( Бұл мәлімет Қ.Сыдиқовтың «Ақын- жыраулар» еңбегінен алынды).
Адай
Жеменей Кенже
Қойсары
Барғана
Абдолла
Керей
Жамансары, АҚТАН, Тұрғанбай


Ақтанның атасы Абдолла – ел аузында әңгімелері қалған айтулы сыншы. Өз әкесі Керей еңбегімен күн көрген кедей шаруа ғана. Ағасы Жамансары ділмар-шешен, інісі Тұрғанбай ел сыйлар азамат болыпты. [1] Ақтан жастайынан тауқыметті көп тартқан. Кедейлік қамытын киіп, талай жылдар мал соңында жүруге мәжбүр болса да, бойындағы талантының арқасында ел кезіп, жер көрген. Орынбор, Жайық, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз, Атырау, Маңғыстау, Шалқар, Сыр өңірі, Орынбор, Атырау жерлерін аралап, сол жерлерде өлең өріп атағын шартарапқа жайған ақын: Сайқылықпен көп кездім, Әлімұлы, Байұлы Тама, Табын, Жетіру — Кіші жүздің аймағын,
Сол кезгеннен бері қарай, Мәжіліс-базар құрылса, Мереке сауық ауладым [3] — деп жырлайды ол.
Шұбалаң құйрық шұбармын, Шапқан аттай саулаймын, Жанған оттай қаулаймын Не қылғанмен дер күнім, Бұлдыраған таудаймын. Екі атысқан жау болса, Арасында панамын.
Мен — ақбауыр кер жорға, Әдемі басқан аяғын. Қарасаң көзің жеткісіз, Жылмиып жатқан даламын, [3]- деп асқақ тұлғасымен көсіле шалқиды тағы да.
«Ақтан ақпа-төкпе ақындығымен қатар, таңды-таңға ұрып жырлаған жарау жыршылығымен белгілі тұлға.Өзі үлгі тұтқан Абыл, Нұрым, Қалнияз, Махамбет, Шернияздардай дарабоздардың үрдісімен жыршылық дәстүрді кейінгіге жеткізіп, дамыта жырлаушы. Өз дәуірінің дауылпазы іспетті. «Қырымның қырық батыры» аталатын ерлік дастандарының бірқатарын Маңғыстау, Атырау, Жем-Сағыз аймағына дәріптеп, таратқан. Ақтаннан үйреніп Қашаған, Нұрпейіс ақындар дамыта жырлаған. Қазақтың Гомері атанған Мұрын жырау да осы Ақтаннан көп нәрсе үйреніп, өнеге алған. Санқырлы өнер иесі жыршылық өнерде де өзгеше саз туғызған. Қазақтың қара сөзін құбылта бәйгекердей жайнаңдатып, шапқан аттай саулаған ақын жырларын Маңғыстау өңіріндегі, Орта Азия елдеріндегі жыршы-термешілер « Ақтан сазы» дейтін өз әуенімен орындайды» - дейді Ақтан Керейұлын зерттеуші Есентүгел Әзиев. Қ. Сыдиқов Ақтан атының ерлік дастандарды жырлауы арқасында шыққанын айтады. [1] Халық оны ақындығынан гөрі жыршылық қабілеті арқылы таныған. Ақтан «Қырымның қырық батырын» таңды таңға ұрып жырлаған. Өйткені, батыс өңірде белгілі ақын атану үшін «Қырық батыр» жырының нобайын жатқа білу міндет болған. Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашағандар аталмыш циклдік жырдың негізгі бөлігін жатқа білген. Тіпті берідегі Сәттіғұл, Сүгір, Нұрпейіс, Ұзақтар да жыршылық өнерді ақындықпен қатар ұстаған.[2] Ақтанның « Ерлік жыры» деген дастаны Кіші жүз тарихын, оның батырларын, олар жасаған ерлік-қайраттарын шабыттана жыр етеді. Осында Адайдан – Шабай, Иса, Досан, Беріштен – Исатай, Махамбет, Шеркештен – Асау, Тұрлан, Таздан - Өтеп, Шектіден – Ерназар, Бекет сияқты патша отаршылауларына қарсы күрескен батырларды, ел қамқоры ерлерді мақтан етіп суреттейді. [6] «Абыл, Есір, Өришан,Нұрым сияқты ән-күй мен өлең-жырды қардай боратқан әмбебап өнерпаздар бұл өңірдегі қызу қанды, арқалы өнердің ұйытқысы болған», — деп Ақселеу толғанғандай (А.Тарақты. «Күй шежіре». 381б.) Ақтанның тұстастары тұмсасынан тежеу бермес өңшең өрісті таланттар еді. Айтулы жүйрік осы Қашаған, Қоспақ, Құлмамбет, Нұрымдармен қатар жүріп, Түрікменстан, Бесқала жеріне дейін аралап өнер өрбітеді. Сол замандағы сан түрлі өнер иелері, Жем, Сағыз жағасына, Оймауыт даласына табан тірей өнер дамытқан, халқы «Адайдың жеті қайқысы» атандырған Өскенбай, Жылкелді, Досат, Әділ, Шолтаман, Тастемір, Тұрсын сынды өнерпаздармен, ғашықтық дертіне әннен дауа іздеген Қайып Қорабайұлымен замандас, тұстас. Ол Атырау, Маңғыстау, Хорезм елдеріне белгілі Абыл бастаған ақындық ортадан, дәстүрлі жыршылық мектептен өнеге алып қалыптасқан. Әрідегі Сыпыра, Шалкиіз, Қазтуғандай жыраулардың, Абыл, Нұрымдардың терме-толғауларын санасына сіңіріп, Еділ-Жайық бойына кең тараған Махамбет, Шернияз жырларынан сусындаған. Заманы бір болғанымен жас шамасы үлкен Абыл, Нұрымдарды ұстазым деп есептеген. Ақтанмен бір жүріп, өнеге алған жанның бірі — Нұрпейіс Байғанин (1860-1945). Нұрпейістің ақындық, жыршылық жолда қалыптасуына үлкен әсер еткен Ақтан, Қашаған, Қазақбай, Сабыр жыраулар көрінеді.[5] Ақтан Қоспақ, Құлманбет, Нұрпейіс сияқты ақын, жыраулармен талай рет кездескен. Бірақ Нұрыммен болмаса Қашағанмен айтысқаны, сөз қағысқаны туралы мәлімет жоқ. Болса да қолға түспей отыр.[2]
Ақтанның Қоспақпен жұмбақтасуы шағын жұмбақ айтысы іспеттес. Ақынның жұмбағы шебер ойға құрылады.
Алты арыстанды үш бөрі сорған: Жілігін теспей майын сорған, Терісін теспей қанын сорған.
Шешуі: Алты арыстан – алты ай жаз, Үш бөрі – үш ай тоқсан.
Он екі қысырағым бар: Екеуі жуан буаз, Екеуі күмән буаз, Екеуі анық буаз, Екеуі танық буаз, Екеуі жіңішке қысыр, Екеуі ат қысыр.
Шешуі: Он екі қысырақ – малдың он екі жілігі, Екі жуан буаз – екі ортан жілік, Екі күмән буаз – екі тоқпан жілік, Екі анық буаз – екі асық жілік, Екі танық буаз – екі қары жілік, Екі жіңішке қысыр – екі жамбас, Екі ат қысыр – екі жауырын [1]
Ақтан Нұрпейіспен де сөз қағыстыруға дейін барған. Халық арасындағы құйма құлақ қариялардың айтуынша, Адайлардың бір бай адамы той қылып, сол тойда Нұрпейіс той бастауға ыңғайланыпты. Бұны сезген Ақтан «тәйт бала» десе керек. Сонда Нұрпейіс: Ақтан, тентек адайсың, Байлығыңа мас болып, Өктемсініп сабайсың. Елге тұлға сен емес, Жұртты қалай қамайсың. Осынша көптен жоғары, Өзіңді неге санайсың, — деп сөз бастапты. Елдің белгілі ақсақалдары Ақтанды сабырға шақырып, елге сыйлы азаматтар, жасы үлкендер «Бұл Адайдың тойы — өзіміздің той ғой, қонақ бала айтсын» деп басу айтып, Нұрпейіспен сөз таластыруға жібермеген. (Н.Байғанин. «Таңдамалы». Алматы. Жазушы 24-бет. 1991 ж). Ол заманда тойбастардың жөн-жоралғысы бөлек болған. Той иесі тойды елге танымал, халыққа сыйлы, айтулы ақынға бастатқан. Тіпті белгілі ақын-жырауларды тойбастар үшін ат-шапан сый-құрмет көрсетіп арнайы алдырып отырған. Ақтан мен Нұрпейістің сөз қағыстыруына себепші болған «тойбастар» дәстүрі көпшіліктің қалауымен емес, кездейсоқ түсініспеушіліктің зардабы болса керек. Сол кездегі салт бойынша жасы үлкен, дәрежесі жоғары ақынның жолын кеспей, кішілер әдеп сақтаған, болмаса үлкеннің алдынан өтіп, рұқсатын алып барып той бастаған. Бұндай жағдай Құлмамбет пен Бала Ораз арасында да болған («Ақберен». 77-бет). Мұрат пен Жаскелең арасында да ұшырасады (Х.Сүйіншәлиев. «Қазақ әдебиетінің тарихы». 669-бет).[2]
Ақтанның ақындық мұрасын жинақтап тапсыруда Сәттіғұл көп еңбек еткен. Сәттіғұлдың тапсырған мол жинақтарынан бірлі-жарым туындылары болмаса, толық шығармалары жарық көрмеген («Жыр-дария». 148 бет). Мысалы, «Төлеп, Қармыс» дастаны, Академияның ғылыми кітапхана қорындағы «Қайырлы болсын сапар ұшу жолың» деп басталатын, жетпіс жолдық бата өлең сияқты ірі шығармалары саяси сүзгіден өтпей қалған. Бата өлеңді «Қашағандікі емес, Ақтандікі» — деп қорға Сәттіғұл тапсырған (190-бума). А.В.Затаевич 1921-24 жылдары Орынборда маңғыстаулық әнші Жалау Мыңбаевтан « Ақтан» дейтін ән жазып алған. Реті осы әннің сөзі Ақтан Керейұлынікі болуы керек. («Маңғыстау» энциклопедиясы. 151- б). Сондай- ақ Маңғыстау, Хиуа, Хорезм аймағында « Ақтан сазы», «Сүгір сазы», «Қалнияздың жыр күйі», «Өришанның жыр күйі» сынды сазды әуендер жиі ұшырасады. Бүгінде белгілі төкпе күйші Сержан Шәкіратов аталған Ақтан сазы мен Өришанның жыр-күйін (жыр-сазын) шебер орындап жүр. Бұдан Ақтанның өз сазы, жыршылық мәнері болғанын аңғарамыз. [2]
Ендігі сөзді Ақтан шығармашылығына арнасақ. Ақтан поэзиясы – еркін поэзия.Шалқыған кең тынысты дала поэзиясы. Олай дейтінім, төкпе дәстүр кең тараған Батыс өңірдің төл перзентіне төпелете төгілткен төкпелік тән. Оның өлеңдерінің көбі шұбыртпалы ұйқаспен жазылған. Мысалы, «Бұл мәжіліс белгісі» деп басталатын 12 шумақтан құралған толғауының алдыңғы 4 шумағы бір ұйқасқа құралса, («құралмақ», «ұрандап», т.б.) қалған шумақтары «келмеген», «өлмеген» т.с.с. ұйқастармен өріліп, толғауға ерекше шырай береді. Ақтан өз заманында тыңдаушы сүйсінген ағыл-тегіл ақпа ақын. Ол өлеңді қасиетті өнер деп таныған, артықша бағалаған. Халық алдында алқалы жұрт жиналған жиында сөйлеуге өте жауапкершілікпен қарап, өзін қаумалаған жұртты әділқазыдай көріп, оларға сөз асылын екшеп, өлең құйылтқан. [6] Ақтан ақын өмірден оқыған ақын. Оның заманында қазақ сауаттанып қалған дәрежеге жетсе де, Ақтан белгілі бір медресе, мектептерде оқымаған. Бірақ, ескіше хат таныған. Өмірі кедейлікте, жоқшылықта, от басы, ошақ қасында өткен жан. Тек Батыс өңірлерін ғана аралап жыр айтқан. Бірақ мейлінше өткір, батыл ақын болғанына ақынның өлеңдері дәлел. Қалағандарың сөз болса, Мен жырлауға құмармын, Шұбалаң құйрық шұбармын. Шапқан аттай саулаймын, Жанған оттай қаулаймын. Не қылғанмен дер күнім, Бұлдыраған таудаймын. [3] Бұндай кесек сөздерді тек Ақтан сынды кесек тұлғалар туғыза алса керек.
Ақтан өлеңдерінің көп бөлігінің бізге жетпеуінің негізгі себебі ауызша таралған. Ол ескідегі ақын-жыраулар дәстүрімен өлеңді табан астында шығарған суырыпсалма ақын. Кезі келген жерде төгіп-төгіп айтып тастап жүре берген. Сондықтан шығармаларының біразы ұмытылған. Осы жерде дерек көзінің ( Е.Әзиев мақаласы) қайшы тұсы, Ақтанның ескіше хат танығанын ескерсек, ақын өз өлеңдерін не себепті хатқа түсірмеді деген сұрақтан туады. Қанша суырыпсалма ақын болса да, егер ескіше оқыған болса, тым болмағанда бірнеше ғана өлең шумақтарын хатқа түсірмеуі мүмкін емес. Меніңше, ол шумақтар ескерусіз қалуы себепті сақталмай жойылып кеткен немесе Ақтан ақын хат танымаған. Қалай болғанда да,Ақтан поэзиясы терең философияға толы. Ол өмірдің мәні, адам бойындағы жақсы, жаман мінездер турасында, сұлулық, әдемілік хақында көп толғаған. Ақтан поззиясы жайлы С.Қазыбайұлы былай дейді: « Ол жырлаған термелердің тақырыбы мен ақын ой-пікірі кең. Оларда көбінесе жақсылық пен жамандық, ерлік пен ездік, батырлық пен қорқақтық, ақылдылық пен ақымақтық салғастырыла, бір-біріне қарсы мәнде, сипатта суреттеледі. Сол адам қасиеттерінің артықша түрлерін ардақтап, жетімсіз мінез- құлықтан жирендіре сөйлейді. Ақын термелерінде адам бойындағы сұлулық, шешендік, жүйріктік, балуандық сияқты сирек кездесетін құбылыстарды мадақтайды. Ондай сипат-сын дарыған жандарды қастерлеп, ардақ тұтады». [6] Ол өзінің атақты «Біріншіде не жаман?» деп басталатын толғауында кең парасаттылықпен мынау жалғанның «жамандарын» тізіп береді. Терең философияға тұнған осы толғауын бастан-аяқ оқып көрейік: Біріншіде не жаман? – Білімсіз болған ұл жаман. Екіншіде не жаман? – Ананың тілін алмаған, Қасарысқан қыз жаман. Үшіншіде не жаман? – Үш жерінен буғызып, Көрге салған сол жаман. Төртіншіде не жаман? – Төресін ғаділ бермеген, Парақор болған би жаман. Алтыншыда не жаман? – Алғашқы алған әйелің Көп ішінде кеңкілдеп, Тіл алмаған сол жаман. Жетіншіде не жаман? – Жеткіншектеп оқ тиіп, Жетпей қалсаң, сол жаман. Сегізіншіде не жаман? – Серке санды ат мініп, Сергелдең болған жол жаман. Тоғызыншыда не жаман? – Торғайдай болған бір басың, Топқа түскен сол жаман. Оныншыда не жаман? – Оймақ ауыз, қиғаш қас, Бір перзенттің жоғынан, Мұңлық болған сол жаман. [3] Байқағанымыздай, «Бесінші жаман» «түсіп» қалған. Яғни, Ақтан өлеңдері ауызша тарағаны себепті, толғау тармақтары өз орындаушыларына сәйкес өзгеріп отырғанына да дау жоқ. Менің бір таңғалғаным, толғаудың соңғы шумағындағы ерекшелік. «Оймақ ауыз, қиғаш қас» деп қазақ әдетте ару қыздарға айтады. Ал Ақтан толғауында бұл тіркес перзентке қатысты айтылып, өзіндік мағынаға ие болады.
Адал жүріп, шын сөйле, Асығың түсер алшыдан. Мақтанғанмен аса алмас, Кем болса қатар, шарқынан, Сұрағанмен алмассың, Көп қазғанмен қанбассың, Қайырсыз сараң таңқыдан.[3] Бұл толғауында да ақын тек адалдық қана қадамыңа сәттілік әкелетінін, бос мақтанға салыну жақсылыққа апармайтынын, сараңдықтың жаман қасиет екенінін өлең өрнектерімен кестелеп берген. Ақтан толғаулары адамгершілік, адамдық жайлы көп толғайды. Сондай-ақ, жыраулар поэзиясындағы кәрілік, жарлылық т.б. мәселелер Ақтан поэзиясынан алшақ емес.
Кәріліктің белгісі,
Көңілдің хошы келмеген.
Жарлылықтың белгісі,
Жанын қинап өлмеген
Жалғыздықтың белгісі,
Өзіне өзі сенбеген.
Палуандықтың белгісі
Өнермен өрге өрлеген.
Сақилықтың белгісі
Халықтың қамын көздеген.
Әкімдіктің белгісі,
Тентекті жиып жөндеген.
Қаттылықтың белгісі,
Халықтың көңілін көрмеген.
Жамандықтың белгісі
Қаумаға басы енбеген.
Төреліктің белгісі,
Аяғын басып жүрмеген.
Сұлулықтың белгісі
Көргендер аңсап шөлдеген... – дей келіп, орақ ауыз, от тілді өткір ақын:
Кейбір жаман жыршылар,
Әншейінде ақтарып.
Сатып жүр жырын теңгеден, - деп салады. Ары биік адай жүйрігі:
Менің сөзім аяусыз,
Аға менен жеңгеден,[3] - деп жалғайды толғауын.
Ақынның имандықты жыр еткен діни тақырыптарды тарқата сөз қылған өлеңдері өз алдына бір төбе.
Болады қараңғы ойға ақыл панар
Біледі дінді тұтқан харам, халал.
Түбіне ғылым теңіз сүңгісеңіз,
Өшпейтін жүрегіңнен шырақ жанар.
«Әлләзинә әмәну зикран кәсир»
Бұл сауал осы аяттан мағына табар,[4] - дейді ол. Сол замандағы жырауларға тән Яссауйді үлгі тұта отырып сөйлеу Ақтанға да тән.
Расул, Имам Ағзам, Арыстан бап
Солардан реушен жарық бізге тарап.
Әулие Құл Қожа Ахмет діннің шамы,
Күндіз-түн зікір айтқан Хаққа мадақ.
Көзінің жасын сүртіп қан аралас
Саһарда құлдық ұрды жылап сарнап.
Алласы қалап әзелде,
Уәлилерге бас қылған.
Миғраждда нұрын көргесін,
Хақ Расулді паш қылған.
Арысланбаптай досына
Аманат құрма тапсырған. [4]Осындай жыр жолдарынан Ақтан ақынның діни сауатының қаншалықты екенін көруге болады..
Жүрек көзінің нұры, Алланың берген иманы адам баласын ақиқат жолға жетелейді. Бір Аллаға мойынсұнған ақын түйін, тұжырымдамаларын төмендегіше төгілтеді:
Шариғат шамын жандырған,
Кәләмға көңіл қандырған.
Жамағат жиған алқалап,
Салауат айтқан Аллалап.
Зікірмен зарлап түн қатып,
Нәпсісін шапқан балталап.
Шайтанды сеспен қашырған,
Көкірек көзі ашылған...[4]
Адай саңлағының өлеңдерінде сұлулық, әдемілік, көркемік мәселелері көп сөз болған. Оның «Қаражан қызға» атты өлеңі сөзімнің айқын дәлелі. Бұл толғауы өзі ынтық болған Қаражан сұлу басқа ошақтың түтінін түтеткенінен туған уытты зар, ащы өкініш жыры десек болады. Сондай- ақ, ақын Қаражан сұлудың мұңы арқылы сол замандардағы өз сүйгеніне қосыла алмай бейтаныс біреудің шылбырында кетіп зар жылаған күллі қазақ қыздарының көкейлеріне шермен боп қатқан зар-запыранын астарлағанға ұқсайды.
Барасың күнім қапы көл шайқаған,
Баянсыз, жалған, сені кім байқаған?!
Дүние сіз кеткенде болар сағым,
Көп жүріс ақбөкендей жер сойқаған.
Жамандық жақсы болмас көнгенменен,
Жақсыға мұрадың ғасыл ергенменен.
Қаражан, көңілдесім, құрметтесім,
Бейшара болдың бірдей өлгенменен.
Кетіпті бөліп жігін күзгі Табын,
Өксіген айрылара құлан қағын.
Барасың қолдан кетіп, құрметтесім,
Қош, аман, енді сау тұр, боз қаңбағым.[3] Қаражан қызды«ұшарын жел, қонарын сай білген» «боз қаңбаққа» теңеу арқылы әділетсіздіктің құрбаны боп кете барған ару тағдырын бір-ақ ауыз сөзбен шебер бейнелеп береді.
Отырған қарсы алдымда әдемі қыз,
Мөрлеген ақ қағаздай мәнеріңіз.
Қиғаш қас, оймақ ауыз, нәркес көзді –
Жалғанда жайнап тұрған әдемі жүз,[3] - деп Қаражанның сұлулығын сипаттаса, « Той бастау» өлеңінде ару көркін көркем тілмен одан әрі асқақтата түседі:
Айырған алтын реңді,
Күміске меңзер өңдерің.
Әдемі, артық баласың,
Майда бір нәзік сөздерің.
Жүз тоқтатып қарасам,
Лағыл, жауһар көздерің.
Текеліктің атындай,
Көрінеді сұлу белдерің.
Мойның піскен алмадай.
Бұрымың жібек талмадай,
Тісің меруерт, маржандай.
Қасың бір қиғаш қаламдай,
Деміңді алсаң білінбес,
Майда бір шуақ самалдай.
Бағдаттағы миуасың,
Жапырағың құбылған.[3]
«Паһ, шіркін!» дерсің. Қыз сұлулығын шығыс шайырларындай асыл, ақыққа теңеп жырлауға тек Ақтан сынды өрен жүйріктің өресі жетсе керек. Әрине, осындай шумақтарынан шығыс ақындарының дәстүрін, тіпті Абай ықпалын да сезуге болатындай.
Алла тіл бергенде тартынбай сөйлеген батыс дүлділі көп толғауларында таяқтың бір ұшын шынжыр балақ, шұбар төс шонжарларға тигізе отырып сөйлейді.
Парақор болып құнықса,
Әділдік қалар ханыңнан...[3] Немесе,
Төресін ғаділ бермеген,
Парақор болған би жаман.[3]
«Той бастау» өлеңінде ұзатылатын қызды тамылжыта мақтай келіп,
Кетемін деп жарқыным,
Уәйім етіп өкінбе.
Ажалдан бұйрық болған соң,
Әркімдер сендей аттанды-ай, - деп өмір жолы осындай дегендей түсінік беріп, басу айтады. [6]
Ақтан шығармаларының тілі өте бай, көркем. Сан қилы теңеулер, сөз айшықтары ақын поэзиясына тән. Ақтан өлеңдері ойлы, терең мағыналы болып келеді. Ақынның тіл ерекшелігі бар. ол табиғи құбылыстарды, жаратылыс сыңайын шебер пайдаланып, айтайын деген ой-пікіріне шұрайлы сымбат береді. Мысалы, өзінің ақындық бейнесін басқа ақындар қолданатын дәстүрлі балама, теңеулер арқылы емес, өз тіл байлығының, дүниетаным біліктілігінің қуатымен жаңаша түрде суреттейді:
«Мен жырлауға құмармын, Шұбалаң құйрық шұбармын. Шапқан аттай саулаймын, Жанған оттай қаулаймын. Не қылғанмен дер күнім, Бұлдыраған таудаймын».
«Мен ақбауыр кер жорға,
Әдемі басқан аяғын».
«Тұяғым тайпақ сүргінмін,
Түгескен топты жорғалап».
Осында ақын өзінің жүйріктігін «шұбарға», тілінің жайлы-тәттілігін «сүргінге», «кер жорғаға» баласа, ал ақындық қарқынын «шапқан атқа», сөзінің қуатын «жанған отқа», өзінің тұлғасын «бұлдыраған тауға» деген теңеуі де өзге ақындар қолданбаған сұлу үйлесімдер. [6] Десек те, өзін-өзі түрлі сұлу нәрселерге теңеп жырлау әдебиетте бар тәсіл. Осы орайда, Ақтан поэзиясының Махамбет өлеңдерімен үндестігін пайымауға болады.
Ақтан от басы, ошақ қасында өмірін өткізген кер жорға. Әйтсе де, қыранның қанаты талар осынау дархан даланың дүлділі бойына біткен талантының, қиып түсер өткір тілінің арқасында жыраулар поэзиясы атты алтын тізімге өзіндік қолтаңбасымен қосылды десек артық болмас. Әрине, Бұқар жыраулар секілді елдік мәселелерді жырлады деу қиын, дегенмен ел мұңынан тысқары қалмай Ақтан да өз әлінше халық жоқтаушысы бола білді.
Абыл, Нұрым,Ақтаным,
Осылар еді тақтағым.
Осылай деп маған үйреткен
Тарихтың ескі ақпарын. [2]Сөйлесе тізгін бермеген хас тұлпар Қашаған жырау осылай дейді. Ал, Сәттіғұл ақын Сүгірге жазған хатында:
Абыл мен Нұрым, Кенже Ақтан Осы үшеуі болмаса, Кім бар еді, шырағым, Ағаңнан артық бүгінде,[6] - деп «шұбалаң құйрық шұбардың» талантына бас иеді. Ақтан Керейұлының күллі болмысы жоғарыда келтірілген өлеңдер арқылы ашылады деу қиын. Оның бізге жетпей қалған мұралары қаншама?! Шаң басқан архивтері ақтармай, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыра берсек, біздің құндылықтарымызды кім бүтіндемек?Ақтан мұралары артында қазақтың қатпарлы әдебиеті жатса, әдебиет артында халықтың рухани жан-дүниесінің, ішкі байлығының көрінісі жатса керек.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Сыдиқов Қ. Ақын-жыраулар. Алматы: «Ғылым» 2001
2. «Ақтөбе» газеті 14желтоқсан, 12қараша 2009
3. Бес ғасыр жырлайды. 2-том. Алматы: «Жазушы» 1989
4. «Үш қиян» газеті 1сәуір 2010
5. Ысмайылов Ақындар 1956
6. Қазыбайұлы С. XV-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті: Жыраулар поэзиясы. Ақтөбе: «А- Полиграфия» ЖШС, 2004

Комментариев нет:

Отправить комментарий