Асыл құндылықтар

Қатпарлы қалың тарихымызда аты қалған өнер саңлақтарының мұраларын зерттеп, зерделеу біздің еншіміздегі дүние.

среда, 2 июня 2010 г.

Ақтан Керейұлы

Батыс өңір – талай тарландардың нәр алып, хас тұлпарлардың тұяғы қалған жер. Қастерлі батыс топырағында кіндік қаны тамған Ақтан Керейұлы қысқа ғана ғұмыр жолында тағдырдың теперішін көп көріп өткен. 1850 жылы қазіргі Ақтөбе облысы, Сағыз бойында дүние есігін ашқан ақын 62 жасында осы аймақ төңірегінде өмірден озады. «Ақшұнақ» қоян жылы жұтқа ұшырап, азын-аулақ малынан айырылған ол Ойылға келіп бір татар көпеске тері илеуге жалданады. Кедейлік тақсіретін тартып, мал бағу сынды кәсіптермен шұғылданып жүріп өмірін өткізеді. Ақтан жайлы дерек қоры өте аз екенін айттық. Десек те, үлкен-үлкен зерттеу еңбектерде Ақтан аты қылаң беріп қалатын тұстар да жоқ емес. Мәселен, Қ.Сыдиқов былай деп жазады: «Ақтанды көзі көрген, туысы Әмірше Мұттахиев: « Ақтан аласа бойлы, сары өңді кісі еді. Екі үйіміз араласып тұратынбыз. Домбыраны қолына жәй ғана ұстап, өлеңді қолма-қол құйылта беретін. Қанша айтса да мүдірген, не шаршаған кезін көргенім жоқ», — дейді».[2] «Адайдың бес жүйрігінің» бірі ( Олар: Абыл, Нұрым, Қашаған, Аралбай және Ақтан) атанған ақынның шыққан тегі асыл тұқымнан.



вторник, 1 июня 2010 г.

Жыраулар поэзиясындағы жастық пен кәрілік

Қашанда заманның бет-бейнесін өрнектеп, ғаламның түрлі құбылыстарына баға беретін тұлғалар - өнер иелері екені даусыз. Өнер иелерінің ішінде табиғат берген ақындығының арқасында мынау пәниге өзгеше көзқараспен қарайтын ақын- жырауларымыздың орнын бөліп көрсетсек болады.
Жыраулар поэзиясы – әдебиетіміздің алтын діңгегі. Жыраулар поэзиясы – сан ғасыр соқпағында сынбаған қазақ тарихының айнасы. Сыпыра жыраудан басталып, 18 ғасырдың көмейінен жыр өрген айтулы жырауларына дейін жалғасатын ұлы көш мұрасы жылдар желісінде биіктей бермек. Өйткені, жыраулар – небір тағылымға толы өсиет қалдырған ақылгөй данышпан бабаларымыз.
Ал, осы жырауларымыз қалай қалыптасты? Олардың қазақ әдебиетінде, тарихында алатын орны қандай? Осы төңіректе сөз өрбітсек.
Қазақтың көне ауыз әдебиет нұсқаларында жырау қазақта ақындықтың ең көне түрі болғанға ұқсайды. Өйткені, қазақтың батырлар жырында алғашқы ақынның аттары: Сыпыра жырау, Шәлгез жыраулар. Ал 18 ғасырда Бұқар жырау, Тәтіқара жырау, Үмбетей жыраулар аталады. Онан бергі ғасырларда Жанкісі жырау, Базар жырау, Мұсабай жырау, Сабыр жыраулар болды. Біздің дәуірімізде жырау атымен аталып келгендер Мұрын жырау.(4)


Иманжүсіп Құтпанұлы

Қыран едім, қор болдым торға түсіп,
Аспаныма шығармын бір күн ұшып.
Бар қатыны қазақтың ұл тапса да,
Бірі де бола алмайды Иманжүсіп!

Қатпарлы қалың әдебиетімізді жасаушылар – көмейіне көрікті ой құйылған дархан даламыздың дарабоз дарындары мен тума таланттары қай заманда да дәріптелері сөзсіз. Біз сөз еткелі отырған сал-серілер поэзиясының алып өкілдерінің бірі – Иманжүсіп Құтпанұлының да өлшеулі өмірінде тағдырдың небір теперіштерін көріп, әділетсіздікке жан-дүниесімен қарсы боп өткен ірі ақын, арқалы әнші, ұлы өнердің тұғыры биік тұлғасы екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Бүгінгі менің шағын зерттеу еңбегім де Иманжүсіп бабамыздың өмір жолы, артына аманат қып қалдырып кеткен өлшеусіз өнері, шыңға өрлеген шығармашылығы хақында болмақ.
Иманжүсіпті дүниеге әкелген өлке – батысынан шығысына шарықтаса қыран құстың қанаты талатын ұланғайыр қазақ даласының солтүстік өңірі, дәлірек айтқанда, қазіргі Кереку топырағы. 1863 жылы жарық жаһан есігін айқара ашқан ақын 1931 жылдың 2 наурызында жалған жаланың құрбаны болып дүниеден озады.

четверг, 15 апреля 2010 г.

Дәстүрлі өнер

Дәстүрлі өнер ұлттық құндылық। Халқымыздың тарихы, тұрмыс тіршілігі, мәдениеті осынау өнермен өріліп жатыр। Дәстүрлі өнер ұлтымыздың айнасы।


Дәстүрлі өнер біріншіден сайын сахарадағы тума таланттардың ғана өресі жететін дүние। Әу демейтін қазақ жоқ болса да дәстүрлі өнерге екінің бірінің жүрегі дауламайтыны шындық। Екіншіден, бұл өнерде ата бабадан қалған мәңгілік құндылықтар тұнып тұр। Үшіншіден, қазіргі жаһандану заманындағы ұлтымыздың болмыс бітімі, өзіндік ерекшелігі де осы бір өнермен сақталып қалатыны сөзсіз।


Дәстүрлі өнер халықтың жан дүниесін рухани байытатын дүние। Дүбәралық пен қазақилықтың ара жігін ажырататын да дәстүрлі өнер.